Қазақстандық алты азамат Тайландтан безгек ауруын жұқтырып келген

АСТАНА. 24 шілде. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылы Қазақстанның алты азаматы Таиландтан безгек ауруын жұқтырып келген. Бұл туралы бүгін Денсаулық сақтау министрлігінде өткен баспасөз мәслихаты барысында Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин мәлімдеді.

Жиын барысында демалыстың қызған уақытында шетелде демалатындардың өздері таңдаған елдегі санитарлық жағдайға баса мән беру керектігін ескертті. «Таиланд, Малайзия, Үндістан, Пәкістан елдеріне барғандар дене қызбасы, безгек ауруын жұқтырып алу қаупі үлкен. Қазір Таиландта осы сырқат түрлерімен аурғандардың саны 40 мыңға жуықтады. Ағымдағы жылы Қазақстанның 6 азаматы безгек дертін жұқтырғаны және олардың Тайландта болғаны анықталып отыр», - деді Ж.Бекшин.

Оның сөзіне қарағанда, безгекке шалдыққан алты адам да Алматы қаласының тұрғыны. Олардың төртеуіндегі ауру белгісін әуежайдағы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметі анықтаса, екеуі дәрігерге барғанда белгілі болған.