Іс-шара алғаш рет кеңжолақты интернеттің мультимедиялық мүмкіндіктерін пайдалану арқылы өткізілмек. Бұл форматтың ерекшелігі форумға түрлі саланың мамандары қатыса алады және оны әртүрлі қалалар немесе елдерде көрсетуге болады.
Шара барысында тыңдармандар Қазақстан туралы өздеріне қажет көкейкесті экономикалық және іскерлік ақпарат алып, туындаған сұрақтарына жауап ала алады. Форумға Қазақстан тарапынан ҚР инвестиция және даму министрі Әсет Исекешов, «Kaznex invest» экспорт және инвестициялар ұлттық агенттігінің басшылары, «Технологиялық даму ұлттық агенттігі» АҚ, moomkin.kz әлеуметтік желісі, сондай-ақ «Қазақстан 2050» Жалпыұлттық қозғалысының Кеңес Төрағасы Данат Жұмин қатысады. Америкалық тараптан Гарвард және Массачусетс технологиялық институтының бизнес-клубтары, Бостон университеті жанындағы ашық нарық және инвестициялар клубы, Бостон университеті жанындағы қаржы және инвестициялар клубы, Азия бизнес клубы өкілдері және де АҚШ-тағы «Kaz Alliance» қазақстандық студенттердің альянсы қатыспақшы.
«Қазақстан 2050» Жалпыұлттық қозғалысының «Invest in Kazakhstan» жобасы Қазақстанның инвестициялық ахуалы, әлеуеті, Қазақстанның болашағы мен инвестициялық тартымдылығы туралы, сондай-ақ бизнес жүргізгенде туындайтын мүмкіндіктер жайлы инвесторларды жан-жақты хабардар етуді көздейді. «Қазақстан 2050» Жалпыұлттық қозғалысы әлемдік жетекші университеттердің бизнес мектептері негізінде диалог жүргізетін алаң құруды жоспарлап отыр.