Қазақстандық Анатолий Цой «Хочу к Меладзе» телешоуының финалисі болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық орындаушы Анатолий Цой танымал «Хочу к Меладзе» телешоуының финалына шықты.

Шоудың кезекті шығарылымында жартылай финалға төрт команда шықты. Онда Анна Седюкованың тобында өнер көрсеткен Анатолий Цойдан басқа, Қазақстаннан «Джокеры» тобында ән салған Фариз Мамедов бар.

Бағдарлама үш бөлімге бөлінді: қыздар әні, жұлдызбен бірге өнер көрсету және маэстромен бірге ән салу.

Қорытындысында гранд-финалға Сергей Лазарев пен Анна Седюкованың командалары шықты. Константин Меладзенің шешімімен Анатолий Цой Лазаревтің командасына көшіп, ондағы әншілердің бірі Вячеслав Басюлді ауыстырды.

Кім жеңімпаз-топ болатынын көрермендер ашық смс-дауыс беру барысында шешеді. Финалдық бағдарлама эфирге 22 қарашада шығады. Шоу қатысушылары өз тәлімгерлерімен және ресейлік эстрада жұлдыздарымен бір сахнада өнер көрсетеді.

Константин Меладзенің басқаруымен жаңа бойз-бэнд үшін қатысушы іздеуге арналған «Хочу к Меладзе» музыкалық реалити-шоуы осы жылғы қыркүйек айында басталды. Орындаушылар кастингісі ТМД елдерінде жүргізілді. Жаңа ерлер вокалдық поп-тобы «М-бэнд» деп аталмақ.