НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан еліміздің аңыздар құрамасы «Аңыздар Кубогы» турнирінде қола жүлдеге таласады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталған турнирде қазақстандық ардагер футболшылар екі ойын өктізді. Алдымен Ресейге 4:8 есебімен жол берсе, одан кейін Жұлдыздар құрамасымен 4:4 есебімен тең ойнады.
Жұлдыздар құрамасы Ресейге 4:11 есебімен жеңілген еді.
Нәтижесінде қазақстандық құрама өз тобында үшінші орын алды. Енді олар 11 қыркүйекте үшінші орын үшін сайысқа түседі.
Құрама сапында Давид Лория, Алмат Бекбаев, Самат Смақов, Нұрбол Жұмасқалиев, Қайрат Нұрдәулетов, Фархадбек Ирисметов, Эдуард Сергиенко, Сергей Скорых, Марат Хайруллин, Ұлықбек Асанбаев, Қайрат Әшірбеков ойын көрсетті.
Айта кетсек, аталған турнир Ресей астанасы Мәскеу қаласында өткізілуде. Биылғы жарысқа Қазақстаннан өзге Ресей, Түркия, Жұлдыздар және Бразилия құрамаларының бұрынғы ойыншылары қатысуда.
Еске салсақ, футболдан Қазақстан біріншілігінде бес ойын өткізілді.
Фото: vk.com/kuboklegend
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.