Қазақстандық ардагерлер «Соғыс ардагерлерінің достығы пойызы фашизмді дәріптеуге қарсы» акциясына қатысады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Теміржолшы-ардагерлер Көптілеу Ізбасов пен Төлеген Жүнісов мамырдың 20-23 күндері Достық пойызымен Мәскеу- Минск-Брест-Мәскеу бағдарына қатысады. Бұл туралы «ҚТЖ» ҰК» АҚ баспасөз қызметінен хабарлады.

Достық пойызы Мәскеудің Беларусь вокзалынан Ұлы Отан соғысы жылдары әскерлердің майданға аттанып, 1945 жылы 9 мамырда жеңімпаз болып оралған жерінен жолға шығады. Ардагерлер Минскідегі Жеңіс мұражайында және «Брест батыр қамалы» мемориалдық кешенінде болады. Беларусь астанасында ардагерлерді Достастыққа қатысушы елдердің темір жол көлігі әкімшіліктері Кеңесінің 62-отырысына қатысып жатқан темір жол әкімшіліктерінің басшылары қарсы алады.

Айта кетейік, 85 жастағы Көптілеу Ізбасов 1943 жылы жол монтері болып еңбек жолын бастады. Одан кейін пойыз машинисінің көмекшісі, Шалқар локомотив депосында машинист болып жұмыс жасады. Тыл еңбеккері, еңбек ардагері.

Ал 91-дегі Төлеген Жүнісов ақсақал Украина, Румыния, Венгрия, Чехословакияны фашистік басқыншылардан азат етуге қатысты. Жеңісті Берлинде қарсы алды. Майдандастарының Рейхстагқа ту тіккендерін мақтаныш етеді. Отан соғысы ордендерімен, бірқатар медальдармен марапатталған.