Министр Елбасы қабылдауында отандық сериалдардың сапасын арттыру қажеттігі айтылғанын еске салды.
«Осы аптаның басында Мемлекет басшысының қабылдауында болдым. Президент телеарналардағы сериалдық өнімдердің сапасын арттыру қажеттігіне тоқталып, масс-медианың жастарға патриоттық тәрбие беру ісінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Елбасының тікелей тапсырмасы бойынша Министрлік тарапынан ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр», - деді Дәурен Абаев «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Мирас» республикалық кеңесінің отырысында.
Абаевтың айтуынша, 2017 жылы отандық арналарымыз шет елдік сериалдардың уақытын екі жарым мың сағатқа қысқартқан және министрліктің тапсырысымен 40 отандық сериал түсірілген.
Оның ішінде «Qazaqstan» телеарнасы - 15, «Хабар» - 13 сериал, өзге коммерциялық арналар - әртүрлі жанр мен тақырыптық бағыттарды қамтитын 12 телехикая әзірлеген.
«Өздеріңіз білесіздер, 20 ғасырдың басындағы тарихи оқиғаларды қамтитын «Тар заман» толық метражды көркем фильмі қазір еліміздің кинотеатрларында көрсетіліп жатыр. Сонымен қатар, 17-ші ғасырдың басындағы қазақ батырларының өмірін баяндайтын «Батырлар жолы» сериалын көрермен назарына ұсынамыз. «Астана» телеарнасынан «Асыл арман» атты 60 сериялы мелодрама жарыққа шықты. Көрермен жылы қабылдады. «КТК» телеарнасы арнайы жасақ қызметкерлері туралы «Красный уровень» шытырман хикаясын түсірді. Бұл тізімге «Ауылдастар», «31-ші бөлімше» сериалдарын қосуға болады», - деп сөзін түйіндеді министр.
Фото:koreabizwire.com