Қазақстандық әртістер Еуропаның 5 әйгілі сахнасында өнер көрсетеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық әртістер Еуропаның бес әйгілі сахнасында өнер көрсетеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Кәрі құрлыққа Қазақстанның атынан «Astana Musical» театрының әртістері мен Республикалық академиялық неміс драма театры аттанады. «Ұлы Даланың театры» атты ауқымды шара Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы және «Жаһандық әлемдегі қазіргі қазақстандық мәдениет» ұранымен 2017 жылдың желтоқсан айында өткізілмек.

«Бүгінге дейін осынау бағдарламаның тұсаукесері Париж қаласында ЮНЕСКО-ның Бас Ассамблеясы кезінде болып өткен еді. Осындай мазмұндағы таныстырылым Түркияны да тамсандырған. Ал жақында Мәдениет және спорт министрі үлкен делегациямен Голливудта болып, сонда біздің фильмдер көрсетілді», - дейді Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихаты барысында.

 Қазақстандық әртістердің турының ауқымы Берлин, Париж, Вена, Брюссель және Мәскеу қалаларын қамтымақ. Дәл осы қалаларда «Astana Musical» театры «Қыз Жібек» этнофольклорлы мюзиклін көрсетеді. Ал неміс театры Мұхтар Әуезовтың «Қарагөз» классикалық туындысын неміс тілінде көрерменге ұсынады.