Қазақстандық әскери боксшы халықаралық турнирден алтын жүлде алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сербияда өткен «Ұлт кубогі» халықаралық турнирінде жерлесіміз Римма Волосенко алтын жүлдеге ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Қорғаныс министрлігінің спорт комитетіне сілтеме жасап.

«Сербияның Сомбора қаласында бокстан «Ұлт кубогі» халықаралық турнирі өз мәресіне жетті. Онда спорт комитеті - Армия орталық спорт клубының спортшысы Римма Волосенко алтын медаль еншіледі. Ол жекпе-жекте 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 5:0 есебімен Хорватия спортшысы Сару Берамды жеңді», - деп жазылған комитеттің Фейсбук парақшасында.

Одан бөлек, отандасымызға сайыс қорытындысы бойынша «Үздік жауынгер» атағы берілді.

Осымен 8-ші рет ұйымдастырылған ұлт кубогіне 21 елден, яғни, Болгария, Босния және Герцеговина, Мажарстан, Германия, Грекия, Қытай, Латвия, Литва, Норвегия, Польша, Румыния, Ресей, Словения, Сомали, Сербия, Өзбекстан, Украина, Франция, Хорватия, Чехия, сондай-ақ Черногориядан 170-тен аса спортшы қатысты.

Сондай-ақ, хабарламада мәлім етілгендей, Қазақстанның әйелдер құрамасы жалпы командалық есепте бірінші орынды иеленіп, турнирдің супер кубогін жеңіп алды.

Айтулы бәсекеде ІІ орынға Ресейдің спортшылары табан тіресе, тиісінше ІІІ орын Сербия командасына бұйырды.

«8 жылдық тарихы бар турнирде қазақстандық қыз-келіншектердің бұл 4-ші жеңісі, бұдан бұрын әйелдер құрамасы 2012, 2015 және 2017 жылдары үздік деп танылды», - делінген хабарламада.