Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі уақытта Қарулы Күштердің радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау әскерлерінде алдағы ойындарға қызу дайындық жүруде.
Әскери бөлімдерде Қазақстанда өткізілетін турларға қатысу үшін экипаждар іріктелді.
«Байқауға деген серпіліс керемет. Командамызға халықаралық аренада өздерінің шеберліктерін көрсетіп, өзге елдің РХБ қорғау әскерлерінің үздік мамандарымен кездесуге тура келеді», - дейді әскери қызметшілер.
Былтыр алғашқы Армия халықаралық ойындары өткенін айта кетейік. Оның шеңберінде «Қауіпсіз орта - 2015» радиациялық, химиялық және биологиялық барлау сайысы өтті. Жарысқа Ресей, Белоруссия және Қытай әскери қызметшілерінен құралған үш команда қатысты.
Биылғы жылы Армия халықаралық ойындарының серпіні одан да ауқымды болмақ. Байқаудың тізімі 23-ке дейін ұлғайды, ал кейбір сайыстар Қазақстанда да өтеді. «Қауіпсіз орта - 2016» байқауы бірқатар елдердің РХБ қорғау әскерлерінің үздік өкілдерінің басын біріктіреді.