Қазақстандық астықтың экспорттық әлеуеті 7,5 млн. тоннаны құрайды - АШМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық астықтың экспорттық әлеуеті 7,5 млн. тонна болады деп топшылануда. Бұл туралы бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Көшербаев мәлім етті.

«Ауа рауының қиындықтарына қарамастан, облыстарда шамамен 20 млн. тонна астық жиналған. Бұл шамамен гектарына 13,5 центнер. Экспорттық әлеует 7,5 млн. тонна шамасында деп топшылап отырмыз», - деді ол.

Оның сөзі бойынша, Қытай Қазақстан астығының экспортына салынған шектеулерді биыл алып тастап отыр. «Қазақстандық астықтың экспорты ұлғая түседі. Себебі, біз Қытай арқылы оңтүстік-шығыс Азияға да бидай өткізе аламыз. Жалпы қазақстандық компаниялар, қытайлық нарықтағы үлестерін арттырмақ. Сонымен қатар иРанға, ары қарай Парсы шығанағы елдеріне астық жеткізуді жоспарлауда», - деп қосты вице-министр.