ҚР ҰОК-нің баспасөз қызметі таратқан мәліметтерге сүйенсек, құрлықтың 2001-2002 жылдары туған үздік жеңіл атлеттері Азияға бөлінген 89 жолдамаға таласатын болады. Жасөспірім ер балалар спорттың 18 түрінен 57 жолдама, қыздар 32 лицензияға таласпақшы.
Қазақстан құрамасы сапынан аталған жарысқа 36 спортшы қатысады. Ер балалар спорттың 13 түрі бойынша, қыздар 16 түрі бойынша бақ сынайды. Әр дисциплинадағы квоталар саны да әртүрлі (бірден сегізге дейін). Осыған қарап, Олимпиада жолдамасын жеңіп алу оңайға соқпайтынын білуге болады.
Отандық спортшылар мен бапкерлер 1 шілде күні Бангкокке ұшып кетті. Сапар алдында резервтегі Қазақстан құрамасының аға бапкері Татьяна Назарова өз ойымен бөліскен болатын.
«Әрине, жарысу оңай емес. Қарсыластар қатарында Қытай, Корея, Қытайлық Тайпейдің үздік спортшылары бар. Біз жолдама үшін күресеміз. Біздегі қыздардың әлеуеті жақсы.Қыздар арасында биіктікке секіру мен жүгіруде жақсы нәтиже болады деген ойдамын», - дейді бапкер.