Қазақстандық әуе компанияларын «қара тізімнен» шығарудың ведомствоаралық іс-шаралар жоспары бекітілді

None
АСТАНА. 4 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Серік Ахметов Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) аудитінің ескертулерін жою және қазақстандық әуе компанияларының Еуропалық одаққа мүше елдерге ұшуға қойылған шектеулерін алып тастау жөніндегі ведомствоаралық іс-шаралар жоспарын бекітті.

 ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің мәліметінше, осылайша, аталған құжат құрылған ведомствоаралық жұмыс тобының бірлесе әрекет ету шараларының жоспары болып табылады.

Бекітілген құжатта Азаматтық авиация комитетінің бақылау-қадағалау міндетін атқаратын инспекторларының штаттық санын және инспекторлардың жалақысын саланың білікті қызметкерлерінің жалақысы мөлшеріне дейін көбейту, азаматтық авиация саласының нормативтік-құқықтық актілерін ИКАО-ның талаптарына сәйкестендіру, азаматтық авиация саласына үздіксіз және толық бақылау, қадағалау жүргізуді қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының авиация әкімшілігінің қызметін автоматтандыру шаралары қарастырылған.

Бұдан басқа, іс-шаралар жоспары аясында Еуропалық азаматтық авиация конференциясымен (ААЕК) Қазақстанның аталған ұйымға мүшелікке енуі көзделген ынтымақтастық меморандумына қол қою жоспарланған. Сонымен бірге, ұшулар қауіпсіздігі саласында ақпарат жинау және ақпарат алмасу мақсатында Авиациялық қауіпсіздік жөніндегі еуропалық агенттікпен (EASA) ынтымақтастық келісімін қабылдау да көзделіп отыр.

Айта кетейік 2009 жылдың шілдесінде жүргізілген ИКАО аудитінің нәтижесінде «Эйр Астана» АҚ-нан басқа қалған 59 қазақстандық әуе компаниялары Еуроодақтың «қара тізіміне» енгізілген болатын. Қазіргі уақытта 59 әуе компаниясының 37-сі осы тізімде тұр.