Қазақстандық әуе компанияларына Мысырға ұшуды шектеу, туристік компанияларға турпакеттерді сатуды тоқтату ұсынылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Азаматтық авиация комитетінде әуе компаниялары мен туристік ұйымдардың қатысуымен өткен жиында «Когалымавиа» ұшағының апатына қатысты тергеудің алдын-ала қорытындылары белгілі болғанға дейін қазақстандық әуе компанияларына Мысыр әуежайларына ұшуды шектеу, ал туристік компанияларға турпакеттерді сатуды тоқтату ұсынысы жасалды, деп хабарлайды ҚР ИДМ баспасөз қызметінен.

Авиациялық қауіпсіздік бойынша ұлттық ережелер мен ИКАО-ның тәуекелді басқару жүйесінің стандартты әдістемесіне сәйкес, Азаматтық авиация комитеті Шарм-эш-Шейх әуежайына қатынайтын қазақстандық әуе компанияларының ұшу қауіпсіздігінің деңгейін бағалады. Оның қорытындысына сәйкес, Мысырға ұшатын қазақстандық әуе компаниялары үшін авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге төнетін қауіптің жоғары деңгейі анықталды.

Ресей, Ұлыбритания, Нидерландтың ұшақтары және Turkish Airlines әуе компаниясы өз жолаушыларын қорғау және авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Мысырға ұшуды уақытша тоқтатты.

Туристік компаниялардың ақпараты бойынша бүгінде Шарм-эш-Шейх рейстеріне 2016 жылғы қаңтардың ортасына дейін 800 турпакет сатылған.

Қазіргі уақытта Шарм-эш-Шейх курортты аймағында қазақстандық SCAT әуе компаниясының чартерлік рейсімен 7 қарашада келген 233 адам бар.

Хабарлағанымыздай, олар елімізге 17 қарашада жеткізілмек.