Талдау барысында Астана қаласының халықаралық әуежайы арқылы күнделікті авиарейстерді орындайтын «SCAT» және «Жетысу» авиакомпаниясының билет үлгілеріне талдау жасалды. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметінен хабарланды.
«Мемлекеттік тіл Ата Заңымызбен белгіленген, оны дамыту мемлекетіміздің қазіргі таңдағы ең өзекті мәселелерінің бірі. Әйтсе де отандық әуе тасымалдаушы компанияларды тексеру барысында анықталған заң бұзушылықта олардың бұл іске әлі де болса немқұрайлы қарап отырғанын көрсетеді. Заң бұзушылықтарды жою үшін авиакомпаниялардың басшылары атына прокуратура заңның бұзылуын жою туралы ұсыныстар енгізді», - делінген баспасөз айғағында.
Тоқтала кететін жайт, прокурорлар жүргізген талдау нәтижесінде жоғарыда аталған әуе тасымалдаушыларда мемлекеттік тілді қолдану деңгейі қарастырылып, бірқатар олқылықтар анықталған. Мәселен, жолаушыларға ұсынылатын билеттерде «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарының бұзылуы анықталды. «Атап айтқанда «SCAT» авиакомпаниясының билетінде аудармадан өрескел сәйкессіздіктер кеткен. Сөйлемдер дұрыс аударылып, дұрыс жазылмаған әрі сөйлемнің өзінде грамматикалық қателер орын алған», - делінген баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.