АСТАНА. ҚазАқпарат - Ашхабадта ауыр атлетикадан өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық Надежда Лихачева қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Н.Лихачева 71 кг салмақта қоссайыс қорытындысында 242 кг (112 130) нәтиже көрсетіп, үздік үштікті түйіндеді.
Бұл салмақта қытайлық Ван Ли Чжан әлем рекордын жаңартып, 267 кг (115-152) көрсеткішпен алтын медальді жеңіп алды. Мысырлық Сара Ахмед 252 келімен (111 141) екінші орында.
Ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері Юрий Мельников 23 жасар Н.Лихачеваның осынау табысын еселей түсе алатын мүмкіндігі бар екенін жеткізді. 71 кг олимпиада бағдарламасына енбейді. Сондықтан Надежданы Токио олимпиадасына 64 кг салмақта дайындау көзделуде.
Айта кетейік, бұл - Қазақстан құрамасының Ашхабадтағы екінші медалі. Бұған дейін Арли Чонтей 55 кг салмақта күміс жүлдені еншілеген болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).