НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық спортшылар Мексиканың Леон қаласында ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында тағы екі алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан ауыр атлетика федерациясынан мәлім еткендей, елордалық 17 жастағы Едіге Емберді 73 келіге дейінгі салмақта үздік шықты.
Жұлқа көтеруден 134 келіні еңсерген Едіге бірден алға кетті. Ал серпе көтеруден 172 келіні бағындырып, әлемдік рекорд жасады. Қоссайыс қорытындысында қалған атлеттерден қара үзіп кетті – 306 кг.
Өзбекстандық Диорбек Эрматов 290 келімен (133 157) екінші, канадалық Брайан Ибаньез Герреро 288 келімен (132 156) үшінші орынға көтерілді.
Тағы бір қазақстандық Денис Полубояринов 81 келіге дейінгі салмақта чемпион атанды. Ол қоссайыс қорытындысында 323 кг (143 180) нәтиже көрсетті. Италиялық Якопо Фальсинотти 293 келімен (132 161) күміс, мексикалық Иаан Баррерас 280 келімен (119 161) қола жүлдені қанағат тұтты.
Осылайша, Қазақстан құрамасы алтын медаль санын үшке жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын ауыр атлет Ерасыл Сәулебековтің жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).