Қазақстандық ауыр атлеттер Рио Олимпиадасында жоғары деңгейде өнер көрсетті - А. Ни

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Ауыр атлетикадан Қазақстан құрама командасы Рио Олимпиадасында жоғары деңгейде өнер көрсетті. Бүгін командамен бірге Алматыға оралған, ауыр атлетикадан Қазақстан құрама командасының бас бапкері Алексей Ни әуежайда журналистерге берген сұхбатында осылай деді.

Оның айтуынша, Олимпиадада әрбір медаль - қажырлы еңбектің жемісі.

«Рио Олимпиадасында барлығы 8 атлетіміз өнер көрсетті. Қоржынға 5 медаль түсті. Екі атлет төртінші орын, ал бір атлет бесінші орын алды. Бұл Олимпиадада екінші құрам өнер көрсетті десе де болады. Бес атлет Олимпиада тұғырына бірінші рет көтеріліп отыр. Осы жәйттерді ескерер болсақ, команданы жоғары дәрежеде өнер көрсетті деуге әбден болады», - деді А. Ни.

Сонымен қатар, Алексей Ни  Жазира Жаппарқұлға Олимпиада чемпионы атануына өзіне деген сенімділік жетіспегенін айтты. 

«Жазираға қытайлық қарсыласын жеңе алатындығына деген сенімділік жетіспеді. Оның үстіне, жұлқа көтеруден екінші орын алған соң, босаңсып қалды. Үшінші мүмкіндіктен айырылмау керек еді. Серпе көтеруде бірінші мүмкіндікті сәтсіз аяқтады. 140 келіні көтеру керек еді. Екінші мүмкіндікте - 144, ал үшінші мүмкіндікте 147 келіні көтеру керек болатын. 147 келіні көтеру - Олимпиада чемпионы болу деген сөз. Қытайлық қарсыласы 145 келіден  әрі аса алмас еді. Бар мүмкіндігі сол болатын. Өздеріңіз де көрдіңіздер ғой, ол үшінші мүмкіндігін сәтсіз аяқтады. Жазираға бір мүмкіндік жетіспеді. Егер, ол 147 келіні көтергенде қытайлық атлет 148-ді көтере алмас еді. Жазираға жеңімпаздық рух, тәжірибе, салқынқандылық жетіспеді. Бірақ, ең бастысы Жазира қытайлық қарсыласын жеңуге болатындығын сезді. Ал бұл, баға жетпес тәжірибе. Ал тәжірибе - сенімділік кепілі», - деді А. Ни. 

Бұдан басқа, ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері

басқа да атлеттеріміздің өнеріне баға берді. 

«Карина Горичева жоғары дәрежедегі халықаралық жарыстарға қатысып көрмеген атлет. Олимпиадаға бірінші рет қатысып, үшінші орынға көтерілді. Бұл жақсы жетістік. Мұндай дүбірлі дода Каринаның өзіне деген сенімділігін арттыра түседі. Ал, Фархад Харки кезінде Әлем біріншілігінде 14-ші орынды иеленген. Соған қарамастан Олимпиадада қола жүлдеге ие болды. Бұл да жетістік. Маргарита Елисееваға келер болсақ, ол өз салмағында жеңіске жетуі тиіс еді. Бірақ тәжірибе жетіспеді. Бір сөзбен айтқанда психологиялық тұрғыда «жанып кетті».

Ал Зайчиковтың мүмкіндігін қабылдауға болатын еді. Әттең, қазылар алқасы қабылдамай тастады. Бізге әдейі қиянат жасады. Алтын медальды бергісі келмеді», - деді Алексей Ни.

Айта кетелік, бүгін Оңтүстік астананың Халықаралық әуежайының VIP-терминалының алдында зілтемір көтеруден 77 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Рио Олимпиадасының чемпионы 23 жастағы Нижат Рахимовты, күміс жүлдегер 22 жастағы Жазира Жаппарқұлды (69 келіге дейінгі салмақ), қола жүлдегерлер: 23 жастағы Карина Горичева (63 келіге дейінгі салмақ) мен 25 жастағы Фархад Харкиді (62 келіге дейінгі салмақ), сондай-ақ, бесінші орын алған 24 жастағы Маргарита Елисеева (48 келі) мен 4-ші орын алған 24 жастағы Чонтей Арлиді (56 келі) спорт саласындағы ұйымдардың өкілдері, зілтеміршілердің туған-туыстары, туған өңірлерінен келген делегациялар, жас спортшылар, қала тұрғындары - барлығы 300-ден астам адам зор қуанышпен қарсы алды.