Қазақстандық автоөндірушілер шетелдік инвестицияны бірлесе тартады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық автоөндірушілер осынау салаға шетелдік инвестицияны бірлесе тартатын болады. Бұл жайында «ҚазАвтоӨнеркәсіп» компаниясы Директорлар кеңесінің төрағасы Дәулет Бақберген журналистермен болған баспасөз мәcлихатында баяндады.

Естеріңізге салайық, ағымдағы жылдың қазан айында салалық одақтың құрылатыны туралы хабарланған болатын. Осы одақ аясында автоөндірушілер бірігіп, шетелдік иневесторларды еліміздің автомобиль жасау саласына тартады деп жоспарлануда. Ал аталған одаққа құрылтайшы ретінде Қазақстандағы автокөлік кәсіпорындарының одағы саналатын «ҚазАвтоӨнеркәсіп» компаниясы бекітілген. Ұйымды құру туралы бастаманы қазақстандық автоөнеркәсіп өкілдері - «Азия Авто», «Бипэк Авто Қазақстан», «Daewoo Bus Kazakhstan» компаниялары көтерген болатын.

Аталған одақ құрылысымен оның негізгі бес бағыты нақтыланып алды. Солардың бірі және маңыздысы - шетелдік инвесторларды осынау салаға тарту. «Жеке бір компания мен шетелдік инвесторлар арасында келіссөздер жүргізу аса қиын шаруа, көп жағдайда оның соңы сәтсіздікпен аяқталып жатады. Сондықтан біз серіктес болады-ау деген шетелдік инвесторларға одақтың атынан шығамыз. Бұл дегеніңіз Қазақстандағы барлық автоөндіруші компаниялар», - дейді Д.Бақберген.

Сонымен қатар «ҚазАвтоӨнеркәсіп» отандық кәсіпорындар мен маңызды жобалар арасында үйлестірушінің ролін де атқаратын болады.

Одақтың атқаратын тағы бір қызметі - ішкі нарықта, Еуразиялық экономикалық одақтың және Дүниежүзілік сауда ұйымының нарығында отандық өндірушілердің мүддесін қорғау.

«Халықаралық құрылымдарда қазақстандық автоөнеркәсіптің мүддесін қорғау оңайға соқпайды, әрине. Бірақ, біз бұған дайынбыз. Одақтың алдындағы төртінші міндеті - инновациялық шешімдер саласында бірқатар зерттеулер жүргізу», - деді басқарма төрағасы.

Сонымен қатар Д.Бақберген атап өткендей, «ҚазАвтоӨнеркәсіп» салада болып жатқан жаңалықтарға шолу жасап, оны журналистермен бөлісіп отыратынын да жеткізді.

«Салалық бірлестіктің құрылуы - бұл автомобиль индустриясын дамытудағы маңызды қадамдардың бірі. Халықаралық тәжірибелер көрсетіп отырғандай, дағдарыс кезінде кәсіпорындардың бірігіп жұмыс істеуі инвестициялық ортада оң жағдай қалыптастырады. Демек, біздің бұл қолға алып жатқан шараларымыз қысқа ғана уақыт ішінде өз нәтижесін міндетті түрде беретін болады», - деп сөзін түйді Д.Бақберген.