Автордың айтуынша, AmalBooks баспасынан жарыққа шыққан «Настольная книга казахского бизнесмена» кітабының ерекшелігі - туындының оқырман қауымның талап-тілегі, қазақстандық бизнесмендердің пікір мен кеңестері негізінде жазылуында.
«Мен Қазақстанда бизнес туралы дұрыс бағытта жазылған тұңғыш кітапты шығаруға бел будым. Алматының бүкіл ХҚКО-ын аралап шығып, бизнес-мектептерде, интернеттегі ортада жалпы 300-ге жуық адаммен сауалнама жүргіздім. Осы зерттеудің негізінде бизнес тақырыбы бойынша құнды кітаптардың тізімін жасап, оқырмандардың қызығушылығын тудыратын кәсіпкерлердің есімін іріктедім. Бұдан кейін бизнесмендердің әрбірімен кездесіп, сұхбаттасып, кітап жаздым. Баспаның суреттік кескін-келбетін де өзім әзірледім», - дейді Бақытжан Бұқарбай.
Туындының тағы бір ерекшелігі ретінде оның заманауи тілмен жазылғанын атап өтуге болады. Кітаптың авторының пайымдауынша, оқырманды тарту үшін кітап ең алдымен ұғынықты жазылуы керек.
«Шынтуайтында Қазақстанда тұңғыш рет толығымен «тапсырыс бойынша» жазылған авторлық кітап жарыққа шықты. Іскерлік маңыздағы әдебиеттердің көбі біздің дүкендерге басқа жақтан келеді. Ал шетелдік тәжірибелер мен кейстер біздің шарттарға сәйкес келе бермеуі мүмкін», - дейді ол.
Өзінің Facebook парақшасында автор кітапқа алдын ала тапсырыс беруге болатынын жария етті. Туындыға қызығушылық танытқандар жазбада көрсетілген тәртіп бойынша тапсырыс бере алады.
Бақытжан Бұқарбай өзінің жазбасында көрсеткендей, бұл оның бесінші кітабы екен. Жалпы, өзі жетекшілік ететін AmalBooks баспасы дарынды әрі қайталанбас авторларды іздеу үстінде.
«Өткен жылы біз екі автордың кітабын жарыққа шығардық. Осы жылдан бастап Қазақстандағы оқырмандарды заманға ең сай келетін отандық кітаптармен қуантпақ ниеттеміз. Жуық арада біздің азаматтардың «ми экспортымен» айналысқым келеді. Біз ең заманауи әрі маңызды әдебиеттерді басып шығарсақ дейміз», - дейді ол.