Қазақстандық Азиада-2011 - спорттық, мәдени және қонақжайлылығымен есте қалады - Туризм және спорт вице-министрі Талғат Ермегияев
Осынау айтулы шара тек Азия елдерінен келетіндердің ғана емес, әлем жұртшылығының назарын аударып отыр. Қарды сирек көретін елдер өкілдерінің қысқы спорт түрлері бойынша жарысуға келетінінің өзі ерекше жайт. Қысқы спорт әуесқойларының назарын әрқашан аударып келген атақты Алатау баурайындағы Алматы мен жас Астана Азиада ойындарын бірге қабылдайды. Осынау байрақты бәсекенің аясында Қазақстанда таныстырылатын «Мәдени Азиада» туралы туризм және спорт вице-министрі Талғат Ермегияев әңгімелеп берді.
- Талғат Амангелдіұлы, 2011 жылы өткелі отырған 7-ші қысқы Азия ойындары Қазақстанда туризмнің дамуына қандай әсерін тигізеді?
- Егер, 2006 жылы Қазақстанның 2011 жылы жетінші Азиялық ойындар өтетін ел ретінде таңдалғанын ескерсек, бізге келетін шетелдік туристердің қаншалықты көп болатынын елестетуге болады. Қазірдің өзінде, Қазақстанға 5 мыңдай қатысушылар және қонақтар келеді деп күтілуде, олардың қатарында спортшылар, жаттықтырушылар, ресми қонақтар, журналистер бар. Қазақстан Республикасы үшін Ақ Азиаданы өткізу имидждік жоба болып табылады. Бұл бірегей мүмкіндік Қазақстанды халықаралық қоғамдастыққа жоғары деңгейде, жаңа тұрғыдан таныстырады, туристерді көптеп тартуға және қазақ халқының өзіндік мәдениетін, салт-дәстүрі мен тарихын насихаттауға мүмкіндік береді. Осыған орай Елбасы: «Азия ойындарын өткізу құрлықтағы Қазақстанның имиджін қалыптастыруға үлес қосады, сондай-ақ спорттың қысқы түрлерінің инфрақұрылымдарын дамытуға, елімізге ағылатын туристер санының көбеюіне оң әсерін тигізетін болады», деген болатын.
Азиада Алматы мен Астанада өтетін болып шешілді, бұл қалаларда 7 күн бойы спорттың 11 түрі бойынша спорттық бәсекелер өтеді. Қазақстанды әлемдік қоғамдастыққа спорттық және туристік әлеуеті зор мемлекет ретінде таныстырудың бірегей мүмкіндігі осы емес пе? Қазақстан өзінің алдына кез-келген елдің қолынан келе бермейтін үлкен міндеттер қойып отыр, бірақ олардың бәріне республикамыздың шамасы жетеді. Себебі Қазақстанның басты байлығы - тату, бейбітсүйгіш және бірлігі зор көпұлтты халқы бар.
Сондай-ақ, жақында қазақстандық Туристік қауымдастықпен меморандумға қол қойылғанын да айта кету керек. Біздің алдымызда Азиадаға қатысатын елдерден елімізге барынша көп турист тарту міндеті тұр. Жақында жазғы Азиада ойындарының елордасы - Гуанчжоудан - 7-ші қысқы Азиада ойындарының елордасы Астанаға автокеруен жолға шығады. Керуен өз жолында Орталық Азияның 7 мемлекетінің аумағы арқылы өтіп, Азиада және олимпиадалық қозғалыс идеяларын насихаттайтын болады.
Дағдарысқа қарамастан, соңғы жылдары біздің елімізге 4,5 миллиондай турист келді. Азиялық ойындарды өткізудің аясында 10 мыңнан астам қонақ келеді деп күтілуде.
7-ші Азиада ойындары туризм үшін - өте маңызды оқиға, себебі дәл осындай үлкен шаралар елді танымал етеді және республикамызға шетелдік туристерді көптеп тартуға мүмкіндік береді. Ойынды жоғары деңгейде өткізу жалпыға ортақ іс, оның ішінде туристік индустрияға да қатысты іс болып табылады. Бұл халықаралық туристік нарықта өз елімізді жарнамалаудың тамаша жолы.
- Азиада тек спорттық шара емес, ол Еуразиялық құрлық үшін саяси және мәдени де шара. Көп қонақтар келеді. Қысқы Азиада ойындарына қанша қонақүй, қанша көлік қызмет көрсететін болады.
- Әрине, сервис мәселелері, қонақтарды жайғастыру, байланыс және көлік мәселелері назардан тыс қалып жатқан жоқ. 22 маңызды бағыт бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Азиялық ойындардың регламенті бойынша, басталардан 20 күн бұрын барлық жағдай, бірінші кезекте, ауа райына бейімделу үшін ертерек келетін спортшылар үшін барлық жағдай жасалуы керек. Азиадаға қатысушыларды және қонақтарды Астана және Алматы қалаларында жайғастырудың жүйесіне сәйкес, келушілердің барлығы 4 санатқа бөлініп отыр, олар: Азияның Олимпиадалық Кеңесі, vip-қонақтар және ресми қонақтар - 274 адам, спортшылар, ресми тұлғалар, жаттықтырушылар, командаларға қызмет көрсетуші персоналдар, дәрігерлер мен массажшылар - 1524 адам, халықаралық және ұлттық санаттағы төрешілер - 525 адам, шетелдік БАҚ өкілдері, хосттаратушылар, құқық иегерлері - 1300 адам. Барлығы 4 мыңдай адам.
Ал қонақүйлерге келетін болсақ, олар халықаралық стандарттарға сай болады және 3 жұлдыздан төмен болмайды. Сапалы қызмет көрсету үшін қонақүй иелері ішкі-жайларын жаңартулары керек. Сондай-ақ, Астана және Алматы қалаларында қонақтар мен спортшыларды тасымалдау үшін автокөліктер де (жеңіл көліктер, орта есеппен 35 орындық автобустар мен шағын автобустар) ұйымдастырылуы керек.
Ал шетелдік туристерге келер болсақ, олар Азиадаға тартылған қонақүйлерден Интернет арқылы қазірден орын сайлай алады. Жақында шетелдерде интернет арқылы билет сату жүйесі де іске қосылмақ. Барлық билеттің 20 пайызы интернет арқылы сатылатын болады.
- Мәдениет пен спорт бір-бірімен тығыз байланысты. V Олимпиадалық ойындарда өнер конкурсы ұйымдастырылған болатын. Стокгольмдегі Олимпиаданың мәдени бағдарламасы аясында тұңғыш алтын медаль «Спортқа арналған одаға» берілген еді. Оның авторы қазіргі Олимпиадалық ойындардың негізін қалаушы және Халықаралық олимпиадалық комитеттің президенті Пьер де Кубертен болғанын бәріміз білеміз. Өнер мен спортты біріктіру дәстүрі міне, жылдар өте келе «Мәдени Олимпиадаға» айналды. Бұл шара 2004 жылғы Афины олимпиадасынан бастап міндетті түрде олимпиадалық ойындардың елордасында өткізіліп келеді. Ал бізде сондай «Мәдени Азиада» болады ма?
- Біздегі Азиялық ойындар екі қалада өткізілумен ғана ерекшеленіп қоймайды, сондай-ақ спорттық бағдарлама да ерекше болады. Қазақстан бағдарламаға спорттың екі жаңа түрін - қысқы спорттық бағдарлауды және допты хоккейді - енгізуді ұсынып отыр.
Сондай-ақ, тұңғыш рет Азияның Олимпиадалық Кеңесі Азиада ойындарының спорттық бағдарламасымен қатар екі үлкен жобаның өткізілуін мақұлдады. Бұл жерде Азиаданың Олимпиадалық алауының эстафетасы және «Мәдени Азиада» шарасы туралы сөз болып отыр.
Эстафета Куәйттен, Азияның Олимпиадалық Кеңесінің штаб-пәтері орналасқан елден басталады. 2011 жылы қаңтардың 11-інде сол жерден Олимпиадалық алау жағылып, чартерлік әуе рейсімен Қазақстанға жеткізіледі. Алау 20 күн бойы Қазақстанның барлық өңірлерін аралап, қаңтардың 30-ында Астанаға жеткізіледі, Азиада ойындарының ашылу рәсімінде Бас Азиадалық Алау жағылады.
Сондай-ақ Азиада ойындарының тарихында алғаш рет «Мәдени Азиада» шарасын өткізу жоспарланып отыр. Екі қалада түрлі фестивальдер өтеді. Қазақстанның бай тарихи және мәдени мұраларын таныстыруға негізделген «Мәдени Азиада» ресми делегациялар мен ұлттық олимпиадалық комитеттердің өкілдерінің, спортшылардың, отандық және шетелдік журналистердің, қала қонақтары мен тұрғындарының бос уақыттарын ұйымдастыруға бағытталады.
«Мәдени Азиада» - Қазақстанның оң имиджін қалыптастырудың өзіндік әмбебап тетігі екенін түсіну керек.
- Талғат Амангелдіұлы, қандай фестивальдер ұйымдастырылады?
«Мәдени Азиаданың» бағдарламасы аясында Алматыда «Қар барсының саябағы», «Ұлы Жібек жолы» фестиваль-жәрмеңкесі, Азия елдері мәдениеттерінің фестивалі, «Алматы -Қазақстанның мәдени орталығы» сияқты жобалар жоспарланып отыр.
Астанада да Азиада фестивальдері өтеді. Астанадағы «Мәдени Азиаданың» жобасына Мұздан жасалған мүсіндердің фестивалі, «Voice of Astana» музыка және би фестивалі, Цирк өнерінің фестивалі, Бейнелеу өнерінің көрмелері, «Қазақ ауылы» фестивалі, Спорттық тауарлар мен кәдесыйлардың көрме-жәрмеңкесі, суреттер мен эссе конкурсы кіреді.