НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық, 21 жастағы Дмитрий Панарин Африканың Бенин елінде бадминтоннан өткен Benin Open халықаралық жарыста күміс жүлдегер атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Финалға дейін сүрінбей жеткен қазақстандық спортшы соңғы бәсекеде ғана үндістандық Аман Санжайға есе жіберді.
Д.Панарин Future сериясына кіретін доданың алғаш рет финалына шықты.
Жыл сайын Дмитрийдің рейтингтік көрсеткіштері жақсарып келеді. 2008 жылы ол дүниежүзілік рейтингте 1000-орындарда болса, қазір 294-сатыда тұр.
Бениндегі табысынан соң Д.Панарин рейтингіде жоғарылай түсетіні анық. Ол 2019 жылы Угандада өткен әлем кубогы кезеңінде тағы бір қазақстандық Артур Ниязовпен бірге қола жүлдеге ие болған еді. Сол кезден бастап оның көрсеткіші көтеріліп келеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).