Қазақстандық балалар кәмелеттік жасқа толмай жатып миллионер атануы мүмкін

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық мектептерде 10-11 сынып бағдарламасына «Экономика және кәсіпкерлік негіздері» пәні енгізілуі мүмкін. Бұл туралы «Атамекен» ҰКП әлеуметтік сала және әлеуметтік серіктестік комитетінің төрағасы Талғат Доскенов мәлім етті.

Оның атап өткеніндей, бұл бағдарламаны «Назарбаев зияткерлік мектебі, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, Алтынсарин атындағы Ұлттық білім беру академиясымен және Almaty Management University мамандарымен бірлесіп жасақтауда. Аталған бағдарлама бойынша әрбір 11 сынып оқушысы мектеп бітіргенде өзінің жеке бизнес жобаларын ұсынулары тиіс.

 Мектеп бағдарламасына осындай пәннің енгізілуі қазақстандықтардың бизнеске деген машығын мектеп табалдырығынан бастап игеруге мүмкіндік береді, деп есептейді бастамашылар. Бұл сауал соңғы екі жыл бойы Ұлттық кәсіпкерлер палатасында белсенді талқыланып келген.

«Біз сіздермен бірге біздің елдің кәсіпкерлік саласының болашақ дамуын жобалаудамыз. Оқушылар өзінің болашақ өмірін кәсіпкерлік білімдері арқылы құратын болса, кәмелеттік жасқа толмай жатып, миллионер атанып жатса, қанеки, себебі білім, құзырлылық, машық, кәсіпкерлік ширақтық пен рух өмірдің жоғары стандарттарына жауап береді. Сондықтан мектеп бағдарламасына кәсіпкерлік негіздерін енгізу, біздің ойымызша, нарықтық экономика, мектеп жасынан бастап, кәсіпкерлікті жүргізуді меңгерген жаңа жас буын өкілдерін тәрбиелеп шығуға жол ашады», - деп атап өтті Талғат Доскенов.

Аталған пәнді 2019 жылы барлық мектептерде 10-11 сынып бағдарламаларына енгізу жоспарланған. Жаңа пән негізінен практикалық машықтауға мән беретін болады. Жыл бойы оқушылар өздерінің бизнес-идеяларын жасақтап, кейін оны қорғайтын болады. Сонымен қатар оқыту барысында оқушылар қаржылық сауатқа, банктердің несие-ақша саясатының негіздеріне қанық болады.