НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық балуан Айдос Сұлтанғали Белградта грек-рим күресінен өтіп жатқан әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қызылорда түлегі А.Сұлтанғали 60 келіге дейінгі салмақта үздік үштікке ілікті.
Бұған дейін 26 жастағы Айдос 2018 жылғы әлем біріншілігінде қола медаль алса, өткен жылы Азия чемпионы атанған еді.
Жартылай финалда қазақстандық балуан қырғызстандық Жоламан Шаршенбековке 0:7 есе жіберді.
Қола жүлде үшін бәсекеде Айдос Сұлтанғали мажарстандық Кристиан Кечкеметиді 7:1 есебімен тізе бүктірді.
Осылайша, ол екінші рет әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.
Қазақстан грек-рим құрамасы (бас бапкері Серік Жұмашев) осы қола медальды қанағат тұтты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Айдос Сұлтанғалидың әлем чемпионатында қола жүлдеге таласатынын жазған едік.
Фото: Қазақстан күрес федерациясы
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).