АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық Олжас Оразалыұлы парадзюдодан Лиссабонда өтіп жатқан Әлем чемпионатында жеңімпаз атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР дзюдо федерациясынан мәлім еткеніндей, Олжас 60 келіге дейінгі салмақта үздік шықты.
Ол алғашқы белдесуінде испаниялық Боржа Пахиссаны иппонмен ұтты. Сосын жапониялық Такааки Хирайды, ширек финалда алжирлік Моулоуд Ноураны таза жеңді. Жартылай финалда Әзербайжан елінің өкілі Орхан Жараевты тізе бүктірді. Финалда алжирлік Ишак Оулдкоуидерді жығып, алтыннан алқа тақты.
Бұған дейін дзюдодан Максим Раков пен Елдос Сметов әлем чемпионы атанса, енді, міне, О.Оразалыұлы парадзюдодан Қазақ елінде тұңғыш рет осындай жоғары атаққа қол жеткізіп отыр.
Парадзюдодан Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Жандос Қияновтың айтуынша, Олжас Оразалыұлы Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында 2000 жылы дүниеге келген. Дзюдомен жеті жыл бойы шұғылданған. Бапкерлері - Қайрат Баякенов, Руслан Беркімбай.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын дзюдодан аралас командалық сайыс жеңімпаздары анықталғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).