АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық грек-рим күресі шеберлері Иранның Бәндәр-э Мохшәһәр қаласында өткен беделді «Тахти кубогы» турнирінде 2 алтын, 2 күміс, 4 қола медаль алды, деп жазады «SPORTINFORM» САА.
Айта кетейік, 67 килограмға дейінгі салмақта Алмат Кебісбаев пен 72 кг санатында өнер көрсеткен Демеу Жадыраев алдына жан салмады.
Екі жерлесімізге финалда сәттілік жетіспеді. 63 килограмға дейінгі салмақта Құдайберген Тұрсынов қырғызстандық Калы Сүлейменовке есе жіберсе, Хусейн Муцольгов 87 кг санатында кілем иелерінің намысын қорғаған Саман Әзизиден жеңілді.
Ал 60 кг салмақта Дастан Зарлыханов пен Мейрамбек Айнағұлов, сондай-ақ Ибрагим Магомадов (72 кг-ға дейін), Азамат Қыстаубаев (87 кг-ға дейін) "Тахти кубогы-2018" турнирінің қола жүлдегерлері атанды.
«Тахти кубогы» - рейтинг үшін өткізілетін турнир. Оның жеңімпазына 8 ұпай, күміс жүлдегеріне 6 ұпай, ал үшінші орын иесіне 4 ұпай беріледі.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).