Қазақстандық барлаушылар Ұлыбританиядағы сайыста жүлде алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қорғаныс министрлігіне қарасты «Батыс» өңірлік қолбасшылығының барлаушылар командасы Ұлыбританияда өткен «Cambrian Patrol 2018» жаяу патрульдердің халықаралық додасында қола медальді еншіледі. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Белді сайысқа барлығы 37 елден 137 команда қатысты. Оның 90-ы Ұлыбритания өкілдері. Байқаудың өзі қазанның 12-і мен 21-і аралығында Уэльс тауының Черных ауданында Брекон қалашығының маңында Сеннибридж полигонында өтті.

Биылғы жылы сайыс жерді барлау, адамдар тобына алғашқы көмек көрсету, су бөгетін еңсеру, зақымдалған жер учаскесіндегі іс-қимылдар, елді мекендегі тексеру іс-қимылдары, артиллерияның атысын реттеу, шабуылдау іс-қимылдарын жүргізу сияқты негізгі тапсырмалардан ұйымдастырылды.

Қазақстандық барлаушылар тобының командирі капитан Руслан Шәріповтің айтуынша, маршруттың жалпы ұзындығы 60-тан аса шақырымды құрады.

«Бізге қашықтықты 48 сағат ішінде еңсеруге тура келді. Бұл ретте жол-жөнекей тактикалық тапсырмаларды орындадық. Тапсырма барған сайын күрделене түсті. Оның үстіне үнемі жаңбыр жауып тұрды. Алайда, бұл жағдай бізді қамшылай түсті және бізді жақсы нәтижелер көрсетуге ықпал етті деуге болады», - деді Руслан Шәріпов.

Оның сөзінше, сайыс барысында қатысушыларға тек ағылшын тілінде сөйлесуге рұқсат етілді, өзге тілдерге аудару жоқ. Бірақ, үшінші нәтиже көрсеткен әскери қызметшілеріміз үшін тіл мәселесі кедергі болған жоқ.

«Cambrian Patrol» халықаралық оқу-жаттығуы Уэльста жыл сайын 40 жыл бойы өткізіліп келеді және арнайы мақсаттағы бөлімшеге іріктеумен салыстыруға болатын әскери қызметшілер арасындағы ең күрделі әрі белді сайыстың бірі болып саналады. Бұл қашықтықты шамалы адамдар ғана еңсере алады.