Қазақстандық баскетболшылар Азия чемпионатында екі рет ойсырай жеңілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Баскетболдан Қазақстан құрамасы Ливанның Бейрут қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында екі рет ірі жеңіліс тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz сайтына сілтеме жасап.

«С» тобындағы алдын ала кезеңнің бірінші матчында Жаңа Зеландияға 49:70 (11:15, 11:14, 15:25, 12:16) есебімен жеңілді, кейін Оңтүстік Кореядан 55:116 (15:18, 11:32, 11:32, 18:34) есебімен ойсырай ұтылды.

Қорытынды матчта қазақстандық баскетболшылар алаң иелері - Ливан командасымен кездеседі. Ойын 12 тамыз күні өтеді. 

8 тамыз күні Бейрутте басталған баскетболдан Азия чемпионаты 20 тамызда мәресіне жетеді.

Еске салайық, 8 тамыз күні ҚР құрамасының ойыншылары Александр Жигулин мен Василий Савченко Инстаграмға видео жүктеп, онда команданың халықаралық бәйгеге бірыңғай формасыз келгендерін айтып, наздарын білдірген болатын . 

 Қазақстандық баскетболшылардың Азия чемпионаттарында көрсеткен ең үздік нәтижесі 2007 жылы болды. Онда спортшыларымыз төртінші орын алған еді.