Қазақстандық баскетболшылар Қытайда өткен Азия чемпионатында үздік ондықтың қатарына енді

АЛМАТЫ. Тамыздың 17-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстандық баскетболшылар кеше Қытайда өз жалауын түсірген  Азия чемпионатында  9-шы орынға ие болды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР баскетбол федерациясының баспасөз қызметіне  сілтеме жасап.

Тяньджин қаласында тамыздың 6-сында өз жалауын көтерген бұл дүбірлі додаға құрлықтың үздік 16 құрамасы қатысқан болатын. Топтық сайыста Виталий Стребков жаттықтыратын ерлер құрамасы Катар мен Қытай спортшыларынан ұтылып, тек үндістандық баскетболшылардан басым түсті. Одан кейін 1-12 орындар үшін өткен екінші дәрежелік сайыста Иордания мен  Ливанға есе жіберіп,  БАӘ мен Кувейт елінен келген әріптестерін тізе бүктірді. Соның нәтижесінде 1/8 финалға өте алмай 8-12 орындар үшін өткен бәсекеде Жапония құрамасын ұтып 9-шы орынды қанағат тұтты.       Ақтық сында жарыс алаң иелерінен 70:52 есебімен басым түскен Иран спортшылары Азия чемпионы атанды. Қола жүлде үшін болған кездесуде Иордания баскетболшыларының мерейі үстем болды. Олар ливандықтардан 80:66 есебімен басым түсті. Үздік ондыққа бұлардан бөлек - Тайпей, Катар, Корея, Филиппин, Қазақстан мен  Жапония еніп отыр. Ал чемпионат кестесіндегі соңғы 4 орынды бұл жолы Үндістан, Өзбекстан, Индонезия мен Шри-Ланка командалары түйіндеді.