НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Ислам Қабдоллов Бакуде өтіп жатқан батуттағы гимнастикадан әлем чемпионатында жеңімпаз атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ұлттық олимпиада комитеті мәлім еткеніндей, И.Қабдоллов 11-12 жастағылар арасында акробатикалық жолда секіруден алтын медальді жеңіп алды.
Ислам финалда Ресей, Бельгия, Израиль, Португалия және Оңтүстік Африка елдерінің спортшыларын басып озды.
БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, Ислам Есенгелдіұлы 2009 жылы 16 желтоқсанда Орал қаласында дүниеге келген. Оралдағы №19 орта мектептің 6-сынып оқушысы.
Гимнастикамен №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде бес жасынан бастап шұғылданып келеді. Бапкері – Альберт Тілепқалиев.
Ислам спортшылар отбасында тәрбиеленуде. Әкесі Есенгелді Айсағалиев – самбодан, анасы Айжан Мұсабекова – гимнастикадан спорт шебері. Анасы – өңірге танымал гимнастика бапкері.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).