ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БАТЫРЛАР: Сағадат Нұрмағанбетов

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Cұрапыл соғыстың аяқталуына сүбелі үлесін қосқан оғландардың қатарында қазақ елінің біртуар перзенті, Кеңес Одағының батыры, кейін Тәуелсіз Қазақстанның бірінші Қорғаныс министрі болған Сағадат Нұрмағамбетов те бар.

Сағадат Қожахметұлы Нұрмағанбетов 1924 жылы 25 мамырда Ақмола облысы, Еңбек ауылында дүниеге келіп, 2013 жылдың 24 қыркүйегінде өмірден озды. Әскери қайраткер, армия генералы, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының тұңғыш қораныс министрі, «Халық қаһарманы», Алматы, Астана, Донецк (Украина) қалаларының, Ақмола облысының, Ақкөл ауданының құрметті азаматы.

1942 жылы әскер қатарына шақырылып, 1-Белорус майданында, Солтүстік Кавказ, Украина, Молдавия, Польша, Германия майдандарында соғысқан. Пулемет взводын, ротаны, 5-екпінді армияның атқыштар батальонын басқарды. Гитлер канцеляриясын шабуылдауға қатысты. 1946 жылы Әскери академияны, 1981 жылы Бас штаб академиясын бітірді. 1950-1989 жылдары - Азаматтық қорғаныс штабының бастығы, Орта Азия әскери округы әскерлері бастығының орынбасары, Оңтүстік әскер тобы (Венгрия) бастығының бірінші орынбасары. 1990 жылдан ҚР соғыс, еңбек және Қарулы күштері ардагерлері Кеңесінің төрағасы, 1991-1992 жылдары Қазақ КСР Мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы. 1992-1995 жылдары ҚР қорғаныс министрі, армия генералы. 1996 жылы ҚР Президентінің кеңесшісі. КСРО, Ресей, Украина, басқа да мемлекеттердің ордендерімен марапатталған. Армия генералы, Кеңес Одағының батыры, Халық Қаһарманы.

Сағадат армия генералы болуды емес, география және тарих пәнінің мұғалімі болуды армандаған. Бұл пәндерге деген ықыласы ерекше болыпты. Жұмулы көзбен ол әлем картасынан кез келген жерді көрсетіп бере алатын. Сол кезде картаны көрсеткіш таяқшамен емес, Еуропаны жаудан азат ете отырып, барлық қала мен даланы өзі жүріп өтетінін, кейіннен жас мемлекет үкіметінің мүшесі ретінде бүкіл әлемді шарлайтынын білді дейсің бе?.. Қырық бірінші жылы соғыс оның мұғалім болсам деген арманына тосқауыл қойды. Соғыс, әскер, әскери іс... Оның бүкіл өмірінің мәніне айналған іс. Майданға жазылу үшін келген мұрты шықпаған бозбалаларға әскери бөлімшедегілер: "Алдымен мұрындарыңды сүртіп алыңдар!"- деп күлкі ететін. Бірақ зерек Сағадатты бірден байқап, саяси ағарту қызметкерлері курсына жіберді. Келесі жылы әскери училищеге бөлді. Оқу тез қарқынмен жүрді: соғыс өз дегенін істетті. Келесі жылы Ақмола облысының Қосымауылынан шыққан кешегі бала өзінің пулеметшілер взводымен Солтүстік Кавказдағы Курка өзеніндегі неміс қорғанысын талқан етті. Қайтпас жүректілік пен қырағылық, ағасының өлімі үшін кек алу сезімі мен әрбір солдаттың өмірін сақтап қалуға деген қамқорлық, үлкен жауапкершілік пен балалық қызбалық оның бойында араласып, өзгелерді тыңдатуға мәжбүрледі. Донецкіге өткен бойда-ақ ол пулеметшілер ротасын басқарды. Днепрді алды, онан соң Украина, Бессарабия, Белоруссия, Полыпаны азат етті... Берлинге ол комбат болып кірді. "Батяня-комбат" деген ән сөздері есіңізде ме? Ол болса жасы жиырмадан жаңа асқан батяня?! Ал батальонда: 3 атыс ротасы, пулеметшілер ротасы, артиллериялық батарея, шаруашылық взводы... Барлығы 250-300 адам. Адамдар, қару-жарақтар мен танкілердің үлкен тобын жас комбаттың бір ғана сөзі қозғалысқа келтіретінін елестете аласыз ба? Сіз оның орнына сіздің қамқорлығыңызды қажет ететін бозкүйек өз балаңызды қойып көріңізші. Бірақ біздің де ұлдарымыз өзге қиын шыңдарды алуда. Тек заман басқа және армия да бұрынғыдай емес. Армия бұрынғысындай қалды. Талап та бұрынғыдай, тек күшеймесе азайған жоқ. Армиядағы басты қағида - дара басшылық. Барлығы заңға, тәртіпке бағынуы керек. Жаттығу алаңында, мәселен, уақыт секундқа дейін есептеліп қойылған. Оның өз мөлшерлері бар: 10-15 секунд - оқ атылады. Уақытты жіберіп алдың ба - өлгенің. Бұл біреудің әпербақандығы немесе назы емес. Аман қалу заңы. Әскери адам уақытты Бұлжытпай естіп, өлімге немесе жеңіске апарып соғатын қауіп-қатерді дөп басуы тиіс.

Генерал Нұрмағамбетовтың әскери ерліктерін тізбектемесек те болады. Олар туралы жеткілікті түрде жазылып жүр. Кейіпкеріміз туралы, дәлірек айтқанда, Отанымыздың тарихына айналған жан туралы білгісі келетіндерге көптеген әскери естелікнамаларға, оның ішінде "В памяти нет тишины" және "Мой передний край" деп аталатын оның өз кітаптарына бағыт сілтейміз. Бейбіт уақытта да Сағадат Қожахметұлы алдыңғы қатарда болды. Қазақстандағы әскери құрылым оның қатысуынсыз болмады. Тарих пәнінің мұғалімі болу бұйырмаса да, ол өзінің ерекше тағдырымен республиканың әскери басшыларының тарихын құрып берді. Бүгінгі таңда генерал Нұрмағамбетов отставкада болғанына қарамастан әскери иерархияның ең жоғарғы сатысында. Өмір тәжірибесі отставкаға кетпейді. Ол кітаптар жазады, жастармен кездесіп, ел мен армияның тағдыры туралы толғанды. Өмірінің ең үлкен кезеңін - 1942 жыл мен 1996 жыл аралығын ол әскери мансабына арнады. Тамаша офицер - тамаша мансап. Ол жас тәуелсіз мемлекеттің Қорғаныс министрлігін құрған түңғыш жан болды. Әрине, бос орыннан емес, армия өмір сүрді, бірақ ... қазақтар арасынан бірде бір полк командирі болмады, әскери училищеде небәрі екі әскери мамандыққа оқытты, орасан зор материалдық- техникалық ресурстарды ысырап ету, жақсы кадрлардан айырылу қаупі болды. Бәрін бір уыстың астында ұстау, бәрін орнықты қолдану, әскери машинаны қозғалысқа келтіру үшін ерлік, ерік-жігер, дәл осындай әскери басшының тәжірибесі қажет болды. Ол үшін армияның ар-ұжданы - қаншама жылдар бойы термен келген өзінің ар-ұжданы. Көрнекті мемлекеттік қайраткер.

Әскери шені - армия генералы. Артында 2 баласы, 4 немересі қалды.