Қазақстандық байланыс операторлары мен хостинг-провайдерлері «Қауіпсіз интернет туралы» декларация қабылдады

None
АЛМАТЫ. Маусымның 22-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда Қазақстанның интернет қауымдастығының бастамасымен байланыс операторлары мен хостинг-провайдерлері «Қауіпсіз интернет туралы» декларацияға қол қойды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан интернет қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Шавкат Сабыровтың айтуынша, бұл декларацияның басты мақсаты ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы сенім шараларын көтеруге әсер ету. Сондай-ақ барлық пайдаланушылар үшін қауіпсіз және бизнес мүдделерін ескеретін ақпараттық орта ретінде ғаламтор желісінің ұлттық сегментін дамытуға атсалысу. Өйткені қазіргі таңда ғаламтор арқылы компьютерлік вирустар, электрондық алаяқтық, балалар порнографиясы мен тағы басқа да зорлық-зомбылықтарды тарату мәселесі асқынып тұр.

«Бүгіндері желіде порнографияның гүлдену мәселесі өзекті болып тұр. Сондай-ақ соңғы кезде вирустық белсенділік байқалып, электрондық алаяқтық жиіледі. Декларацияда бизнестің қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін және ғаламтор желісін пайдалану салаларын кеңейтудің гуманитарлық маңызы ескерілген. Ол интернеттің қиянатшыл пайдаланушыларының жолында ашық, ықпалды механизм құруға және байланыс компаниялары мен хостинг-провайдерлердің интернет-қоғамдастықтармен өзара қарым-қатынас тиімділігін арттыруға бағытталып отыр. Декларация нарықтың басқа қатысушыларының қол қоюы үшін ашық», дейді «Нұрсат» АҚ-ның директоры Нұрлан Измайлов.