ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батысқазақстандық Қарлығаш Қадырбекова бастаған «ҚҚҚ» би студиясы Мәскеу қаласында өткен ІІ халықаралық «ГРАН-ПРИ ФЕСТ. Москва» көп жанрлы фестиваль-конкурсының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Космос» концерттік залында өткен байқауға Ресейдің 23 қаласынан және ТМД елдерінен 56 ұжым қатысып, бақ сынады.
Бағдарлама ережесі бойынша қатысушылардың кәсіби шеберлігі, өнер сапасы, сахналық қарым-қабілеті бағаланды.
Батысқазақстандық би студиясы ұжымдық өнерден Гран-приді жеңіп алса, жеке орындаушылардан Гүлдана Қадерова «Тұмар ханшайым» биімен, Ақнұр Шәріпова «Жезтырнағымен», сондай-ақ бүлдіршіндер «Хорезм» биімен бірінші дәрежелі дипломға ие болды. Оған қоса жыл соңында Сочиде өтетін бүкілресейлік фестиваль-байқауға жолдама алды.
Қазылар алқасының құрамында ресейлік өнер саласының белді мамандары болды.
«Бұл – халықаралық байқауда жоғары деңгейде өнер көрсетіп, топ жарған Ақ Жайық өнерпаздарының жеңісі. Осы байқауға Қазақ елінің атынан шығатын болғаннан кейін үлкен жауапкершілікпен бардық. Еңбегіміздің жемісін көріп, сенім үдесінен шыққанымызға қуаныштымыз», деді танымал хореограф Қарлығаш Қадырбекова.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).