Қазақстандық биатлоншы Елена Хрусталева күміс медаль жеңіп алды - Ванкувер Олимпиадасы

АСТАНА. Ақпанның 19-ы. ҚазАқпарат - Ванкуверден сүйінші хабар келіп жетті. Қазақстандық биатлоншы Елена Хрусталева 15 шақырымға жеке жарыста күміс медаль жеңіп алып, Қазақстан қоржынына алғашқы награданы салды.

Бейсенбі, ақпанның 18-і күні өткен жарыстың чемпионы норвегиялық Тура Бергер болса, ал қола жүлде - беларус спортшысы Дарья Домченкоға бұйырды.

Төрт нысана дәлдеу шебімен өткен 15 шақырымдық жеке жарыс Уистлердегі биатлон трассасында өтті. Айта кету керек, Елена жарыс жолында бірде-бір қателік жібермей, 20 нысананың бәрін жапты. Күміс жүлдегер чемпионнан небәрі 20,7 секунд кейін келді.