Қазақстандық биатлоншы Еуропа чемпионатының қола жүлдегері атанды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Словенияның Поклюка қаласында биатлоннан жастар арасында өтіп жатқан Еуропа чемпионатында қазақстандық Роман Еремин қола жүлдегер атанды.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің баспасөз хатшысы Бақытбек Хамиттің хабарлағанындай, Р.Еремин 15 км қашықтықтағы жекелей сында нысана көздеуден екі рет қателік жіберіп, жеңімпаздан 1 минут 40,6 секундқа қалып қойып, мәреге үшінші болып келді.

Барлығы 48 спортшы қатысқан бұл жарыста белорус Виктор Кривко жеңімпаз атанса, украиналық Антон Дудченко күміс медальді иеленді.