«Биыл біз статистиканы жаңарттық. Оған сәйкес, жалпы IT стартаптардың 20%-ы әйелдерге тиесілі. Олар негізін қалаған немесе басқарады. Өте сапалы стартаптар деп айта аламын. Сондай-ақ, биыл біз «Силикон алқабы» бағдарламасын қолға алдық. Ол бойынша отандық үздік жобалар Силикон алқабына жіберіліп жатыр», - деді Astana Hub басқарушы директоры Алина Әбдірахманова ОКҚ-де өткен брифингіде.
Сонымен қатар, Astana Hub басшысы Силикон алқабына жіберілген отандық IT стартаптарды атады.
«Айтар болсақ, Лаура Вайфорова - SmarTestPrep стартап жобасының авторы. Ол - Spotify немесе Netflix сияқты пайдаланушыға ең қолайлы ЖОО-ны және 50 000 ЖОО мен стипендиялар тізіміндегі мәліметтер негізінде бағдарлама ұсынатын халықаралық емтихандарға дайындықтың автоматтандырылған платформасы. Альмира Әли - Big Dream lab жобасының негізін қалаушы. AR/VR контенттер жасаумен айналысады. Яна Шойбекова - Сitix стартап жобасының негізін қалаушы. Қалалық ортада смарт тақталарды әзірлеумен және орнатумен айналысады. Олар қазір Силикон алқабында біліктілігін көтеріп, оқып жатыр. Биыл олар 10 млн АҚШ доллары көлемінде табыс тапты», - дейді ол.