Қазақстандық бітімгерші Батыс Сахарада əскери міндетін өтеп келді
«Қазақстанның бейбітшілік пен қауіпсіздікке жауапты мүше ретіндегі халықаралық міндетіне сəйкес, БҰҰ-ның бітімгершілік миссиясы аясында подполковник Ерлан Жортанов Батыс Сахарада əскери бақылаушы міндетін өтеп келді», - делінген министрлік хабарламасында.
БҰҰ-ның бейбітшілік пен қауіпсіздік қолдау мақсатында 30-дан астам елдің әскери өкілдері бітімгершілік миссиясын өтеді.
Е.Жортанов берілген тапсырманы табысты орындағаны және жеке қосқан үлесі үшін БҰҰ-ның миссия басшылығының алғыс хатымен марапатталды.
Айта кетсек, биыл Елбасы БҰҰ-ның миссияларына Қазақстанның 40 әскери қызметшілерін жіберу туралы ұсынысын жария еткен болатын. Мемлекет басшысының дерегінше, Батыс Сахарада Қазақстанның 5 әскери қызметшісі қызмет атқаруда. Көптеген қазақстандық офицерлер бітімгершілікке қосқан үлесі үшін медальдармен наградталды және миссиялардан алғыс алды. Сондай-ақ Сахарада БҰҰ-ның миссиясында басшылық лауазымдарға тағайындалған қазақстандықтар да бар.
Одан бөлек, осы жылдың қазан айында қазақстандық 120 әскери қызметші БҰҰ-ның уақытша күштері миссиясына қатысу үшін Ливан Республикасына келді. Бұл ҚР Қарулы Күштерінің тарихында алғаш рет бітімгерлік контингенті Ливандағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі БҰҰ-ның миссиясына қатысуда екенін айта кеткен жөн.