Министрлік мәліметінше, кездесулер ҚР мен ЕО арасында аса қажетті шикізатпен қамтамасыз ету саласындағы меморандум шеңберінде ұйымдастырылады. Оған 100-ден астам қазақстандық және еуропалық кәсіпорын қатысады деп көзделген.
Мәселен, 1-3 шілдеде министрлік өкілдері Өскемендегі металлургия зауыттарына барса, 4 шілдеде Астанада 27 қазақстандық және 22 еуропалық компанияның қатысуымен «Қазақстан-Еуроодақ: аса қажетті шикізат саласындағы бизнес серіктестігі» форумы өткізіледі.
Сонымен қатар 13-17 қарашада Брюссель қаласында маңызды кездесу өткізу жоспарланған. Бір аптаға жалғасатын іс-шараны Еуропалық комиссия ұйымдастырады.
Ал биылғы Raw Materials Week-те Қазақстан мен ЕО арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға арналған арнайы іс-шараны ұйымдастыру межеленіп отыр. Онда 100-ден астам салалық бизнес кәсіпорынның өкілдері кездеспек.
«Айта кетейік, қазақстандық сарапшылар еуропалық кәсіпорындардың талаптары мен қажеттіліктері жөніндегі ақпаратқа мейлінше көбірек ие болуы қажет. Сондықтан да жаңа бірлескен жобаларды іске асыруда мұндай кездесулердің пайдасы зор.
Тұтастай алғанда, Қазақстанның индустриялық стратегиясы қосылған құны жоғары өнім шығарып, технологиялық тұрғыда дамыған өнеркәсіпті құруға бағытталғанын айта кеткен орынды. Айталық, өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемін 2029 жылға қарай 1,5 есеге ұлғайту көзделіп отыр.
Аса қажетті минералдардың қатарына кобальт, магний, тантал, платина, палладий, литий, ниобий, ванадий және тағы басқа элементтер кіреді», - делінген министрліктің баспасөз дерегінде.