ОРАЛ. ҚазАқпарат - Спортқа дарынды балаларға арналған мамандандырылған облыстық мектеп-интернатының шәкірті Нұрсұлтан Нұриденов Германияның Одердегі Франкфурт қаласында жастар арасында бокстан дәстүрлі Бранденбург кубогы турнирінде қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Аталмыш мектептен түскен мәліметке қарағанда, әлемнің 38 елінен жас боксшылар қатысқан додада Нұрсұлтан 49 келі салмақта жүлдеге ілікті. Оның жаттықтырушылары - Ернар Нұриденов пен Ержан Қиындықов.
Бұл - Нұрсұлтанның халықаралық жарыстарда алған бірінші жүлдесі емес. Мысалы, ол өткен жылы Мәскеу түбіндегі Ивантеевка қаласында Ресейдің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Николай Хромовтың жүлдесі үшін бокстан өткен ХV ашық бүкілресейлік турнирде қола жүлдеге қол жеткізген болатын.
Айта кетейік, кезінде Бранденбург кубогы турниріне Геннадий Головкин, Данияр Елеусінов, Иван Дычколар қатысып, жеңімпаз атанған еді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).