Қазақстандық боксшы еш жеңіліп көрмеген ресейлікпен айқасады

МИНСК. ҚазАқпарат – Бүгін қазақстандық боксшы Александр Журавский (13-6-1, 11 КО) кезекті жекпе-жегін кәсіби рингте өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz-ке сілтеме жасап.

Отандық спортшы Минскіде (Беларусь) KOld Wars сериясындағы турнирде өнер көрсетеді. Бірінші орта салмақтағы жекпе-жекте оның қарсыласы еш жеңіліп көрмеген ресейлік Артем Оганесян (11-0, 9 КО) болмақ. Кездесу он раундқа есептелген. Александр Журавский мұның алдындағы жекпе-жегін өткен жылдың тамыз айында Оңтүстік Африкада өткізген болатын. Онда судьялардың бірауыздан шешімімен жергілікті боксшы Рорк Кнапптан жеңіліп қалған еді (10-1-1, 8 КО).

Айта кетейік, қазақстандық спортшы 2016 жылы Алматыда тайлық Комсан Полсанды (40-12-1, 26 КО) сүріндірген болатын.