Қазақстандық боксшы канадалық промоутерлік компаниямен келісімшарт жасады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық боксшы Садриддин Ахмедов «Eye of the Tiger Management» танымал канадалық промоутерлік компаниямен келісімшарт жасады, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА.

Бүгін канадалық промоушен осы жаңалықпен Facebook-те бөлісті.

Бокстан жастар арасындағы әлем чемпионы, 20 жастағы Садриддин Ахмедов 2017 жылдың күзінде кәсіпқой боксқа өтетінін мәлім еткен еді.

Жас қазақстандық боксшының  «Heavyweight Factory» америкалық промоутерлік компаниясымен келісімшартқа қол қоюы жоспарланған болатын. Алайда, қандай да бір себептермен ол жасалған жоқ.

Бүгіннен бастап Ахмедовтің кәсіпқой бокстағы мансабымен оның канадалық промоутері Камиль Эстефан айналысады.

Еске салайық, Камиль Эстефан бірнеше жылдан бері канадалық боксшы Давид Лемьемен, сондай-ақ қазақстандық Батыр Жұмашев, Абылайхан Құсайынов және Нұрзат Сабыровпен жұмыс істеп келеді.