ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қазақстандық Айдос Ербосынұлы Мәскеудегі бокс кешінде WBO GLOBAL титулы үшін екінші орта салмақта бельгиялық Илиас Ачергуимен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұған дейін кәсіби бокста тоғыз кездесу өткізіп, соның жетеуін нокаутпен аяқтаған атыраулық Айдостың қарсыласы да осал емес еді.
И.Ачергуи бұған дейін12 жеңіске жетсе, үшеуінде ұтылып, біреуінде тең түскен екен.
Кездесу барысында Айдос есесін жібермей, оның да соққылары дөп тиіп жатты. Дегенмен төртінші раундта рефери А.Ербосынұлы нокдаунға түсіп қалды деп есеп ашты. Алайда бұдан кейін иығынан жарақат алған бельгиялық боксшы кездесуді жалғастырудан бас тартты.
Осылайша 27 жасар Айдос Ербосынұлы оныншы жеңісіне қол жеткізіп, WBO GLOBAL титулын жеңіп алды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық боксшылардың титулдық айқастары өтетінін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).