Қазақстандық боксшы Роман Жайлауов Австралияда чемпиондық титулға таласады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық жас боксшы Роман Жайлауов 5 шілдеде Австралияда өзінің кезекті жекпе-жегін австралиялық Кэмерон Хаммондпен өткізеді. Бұл туралы Еуразиялық-Тынық мұхиты бокс кеңесінің (EPBC) ресми сайтында хабарланды.

10 раундтық додада WBC нұсқасы бойынша жартылай орта салмақ дәрежесінде EPBC чемпионы титулы тігіліп отыр. Атап айтқанда, қос боксшы да кәсіби шаршы алаңда жеңіліп көрмеген. Қазақстандық боксшы 12 жекпе-жекті жеңіп, оның 8-ін нокаутпен аяқтаса, К.Хаммон 9-ында үздік атанып, төртеуін мерзімен бұрын тәмамдады. Айта кетейік, Роман Жайлауов елордалық бокс мектебінің тәлімгері, спорт шеберіне кандидат. Өткен жылғы мамырда ол Азия чемпионы титулын жеңіп алды. Әр жылдары бокстан Қазақстанның біріншіліктерінде күміс жүлдегер және чемпион атанып жүрді.