Қазақстандық боксшы Руслан Мырсатаев кәсіпқой рингте өзінің алғашқы сайысын жеңіспен аяқтады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Бүгін Алматыда Royal Tulip қонақ үйінде өткен кәсіпқой бокс кешінде Қазақстан, Ресей және Грузиядан 12 боксшы өнер көрсетті.

Алғашқы сайыста 69 келі 850 грамм салмақ дәрежесінде шаршы алаңға қазақстандық боксшы Берікбай Нұрымбетов пен грузиялық Александр Бенидзе шықты. Төрт раундқа созылған сайыс нәтижесі бойынша (26-40, 36-40, 37-39) ұпай санымен қазақстандық былғары қолғап шебері жеңіске жетті. Екінші сайыста 55 келі 340 грамм салмақ дәрежесінде бүгін 23 жасқа толған ресейлік қандасымыз Ержан Залилов (Көкшетау қаласының тумасы) қазақстандық Нұрсұлтан Қабыловпен кездескен болатын. Екінші раундта жерлесіміз бауырынан соққы алып, нокдаунға түсіп қалды. Үшінші раундта сол жақ құлақ шекесінен тағы бір ауыр соққы жіберіп алған жерлесіміз екінші рет нокдаун алды. Соңғы раундта тағы да нокдаунға түскен соң, төреші дәрігермен ақылдаса келе сайысты тоқтатты. Осылайша, ресейлік боксшы Ержан Залилов техникалық нокаутпен жеңіске жетті. Үшінші сайыста 61 келі 230 грамм салмақ дәрежесінде отандасымыз Азамат Нүркеев ресейлік Александр Подольскиймен қолғап түйістірді. Алты раундқа созылған бокс додасы аса тартысты басталды. Дегенмен, ресейлік боксшы үшінші раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетті. Азамат мұрнынан жарақат алып қалды.

Төртінші кездесу 72 келі 570 грамм салмақ дәрежесі бойынша қазақстандық боксшылар Темірлан Райымқұлов пен Артем Боцуновпен арасында өтті. Алты раундтық сайыста ұпай санымен (57-57, 56-57,59 55) екі боксшы да тең өнер көрсетті деп жария етілді.

Бесінші сайыста осы салмақ дәрежесінде қазақстандық Айдос Ербосынұлы ресейлік Дмитрий Антиповпен қолғап түйістірген болатын. Отандасымыз бірінші раундтың 1 минут 56-шы секундында қарсыласын бауырдан ұрып, нокаутқа жіберді.

Бүгінгі кештің ең соңғы және басты сайысында ең ауыр салмақ дәрежесі бойынша белгілі қазақстандық боксшы Руслан Мырсатаев алғашқы рет кәсіпқой рингте ресейлік былғары қолғап шебері Валерий Замираловпен кездесті. Айта кетелік, таразыға өлшену барысында ресейлік боксшы қазақстандық қарсыласынан 18 келіге ауыр болған еді.

Отандасымыз бірінші раундта техникалық нокаутпен жеңді. Сайыс бар болғаны 2 минут 38-ші секундқа ғана созылды.

Айта кетелік, бокс додасын көруге келген 600-ден астам көрермен боксшыларға қызу қолдау көрсетіп отырды.

Бокс кешін ұйымдастырушылар - Қазақстанның кәсіпқой бокс федерациясы мен «BM Global» және Diamond Ring ЖШС.