НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Минскіде (Беларусь) өтіп жатқан кәсіпқой бокс кешінде ауыр салмақтағы қазақстандық Нұрсұлтан Аманжолов (2-0, 1 КО) қарсыласын техникалық нокаутпен жеңді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алты раундық бәсекеде Нұрсұлтанға босниялық Дражан Яньянин (20-30, 17 КО) қарсы тұрды.
Д.Яньяниннің салмағы 129 кг болса, 27 жастағы Н.Аманжолов небәрі 111 келі еді. 31 жастағы босниялық боксшының тәжірибесі де молырақ еді, бұған дейін ол 50 кездесу өткізіп үлгерген-ді. Дегенмен төртбақ денелі Дражанға қарағанда, Нұрсұлтанның бойы да, қолы да ұзын еді. Сол артықшылықтарын сәтті пайдаланып, қарсыласының алдын орап кетіп отырды. Ақыры екінші раундтан кейін босниялық спортшы жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты.
Осылайша Н.Аманжолов кәсіпқой бокстағы үшінші жеңісіне қол жеткізді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).