ТОКИО. ҚазАқпарат - Жапония астанасы Токио қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында қазақстандық боксшы Закир Сафиуллин алғашқы жекпе-жегінен сүрінбей өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ол 63 келіде перулік Леодан Песо Сабойямен қолғап түйістірді.
Төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңіс 5:0 есебімен қазақстандық боксшыға берілді.
Осылайша ол 1/8 финалға жолдама алды.
Закир Сафиуллин 1986 жылы 11 қарашада дүниеге келген. Бұған дейін 2015 жылы Азия чемпионы атанған.
Токио Олимпиадасында қазақстандық боксшылар сегіз салмақта бақ сынайды.
Олардың қатарында Сәкен Бибосынов (52 келі), Абылайхан Жүсіпов (69 келі), Әбілхан Аманқұл (75 келі), Бекзат Нұрдәулетов (81 келі), Василий Левит (91 келі) және Қамшыбек Коңқабаев (91 келіден жоғары) бар.
Айта кетейік, бұдан бұрын Серік Теміржанов (57 келі) венгрлік Роланд Галошты (5:0) жеңді.
Жекпе-жек барысында ол қарсыласын екі мәрте нокдаунға жіберген еді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.