Оның басты ерекшелігі -жекпе-жек барысында боксшылар арнайы шлемсіз жұдырықтасады. Чемпионат басталар алдында арнайы баспасөз мәслихатында танымал боксшымыз, ҚР Бокс федерациясының вице-президенті Серік Қонақбаев жиналған тілшілер алдында жаңа ережелер жайында өз пікірін ортаға салды.
«Қазақстан бокс федерациясының және оның төрағасы Тимур Құлыбаевтың жеке бастамасына сенбейтіндер көп болғандықтан, одан шығатын зардаптарды білгілері келеді. Көбі алаңда спортшылардың жарақат алуы жиілеп, қабақ жару көбейеді және бокс тіпті қызықсыз болады деген уәж келтіруде. Алайда мен бұрынғы боксшы ретінде айтарым: шлемсіз бокс делебені қоздырып, жекпе-жектердің көрігін қыздыратын болады», - дейді С.Қонақбаев.
«Әрбір боксшыда өзін-өзі қорғау сезімі қалыптасады, қимыл өрісінің кеңдігі пайда болады. Жаттықтырушылар да боксты жарақат аз спорт ретінде қалыптастырудың жолдарын ойлай бастайды. Бұл да біздің жаңашылдығымызға үлкен сенімділік береді», - деді ол.
Оның айтуынша, жаңа төрешілік жүйе де жасалған. Енді бұрынғыдай кездесуді бес төреші емес, WSB нұсқасында қолданылып жатқан үш төреші жүйесі ел чемпионатына енеді.
«Бұл тек биыл Қазақстанда жүргізіліп отырған реформа. Оған барлық елдердің федерациялары мен АИБА мамандары көз тігіп отыр. Сынақ қалай жүзеге асатындығын бағаламақ үшін», - деп атап өтті вице-президент.
С.Қонақбаев сондай-ақ, алдағы жылы бұл ережелер АИБА аясында барлық елдерге таралатындығын мәлім етті.
«АИБА-ның жаңа ережелері ретінде бұл халықаралық турнирлерге және әр елдің ұлттық федерацияларына 2013 жылы енгізіледі. Қазақстандық спортшылар әлемде тұңғыш рет рингке жаңа ережелер бойынша шығады», - деп түйіндеді сөзін ол.