Қазақстандық боксшылар Азия мен Еуропа халықаралық турнирлерінде жалпыкомандалық есепте бірінші орынға шықты

None
АСТАНА. 18 наруыз. ҚазАқпарат - Өткен демалыс күндері қазақстандық боксшылар үшін өте табысты болды. Олар Азия және Еуропа халықаралық турнирлерінде жалпыкомандалық есепте бірінші орынға шықты. Бұл жеңіске елордалық бокс мектебі тәрбиеленушілерінің қосқан үлесі зор, деп хабарлады Астана қаласының ресми сайты.

Наурыздың 10-ы мен 17-сі аралығында Филиппинде өткен бокстан Азия чемпионатында Астана қаласындағы Олимпиада дайындығы орталығының жас талантты тәрбиеленушісі Әділет Орынбасаров 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Азия чемпионы атанды. Құрлық біріншілігінің финалында Әділет Иран өкілі Сиаваш Омидиді 15:11 есебімен тізе бүктіріп, бірінші орынды иеленді. Ол тек осы жылдың ақпан айында ғана Қазақстан чемпионы атанып, елдің жастар құрамасы сапына енген болатын. Жеке жаттықтырушысы - Абзал Құдасов. Сондай-ақ, Азия чемпионатында тағы да үш қазақстандық боксшы - Қанат Көптілеуов (56 кг), Айтжан Шлеев (69 кг) және Тұрсынбай Құлахмет (75 кг) жеңімпаз атанды. Бір күміс медаль - Айбек Ерметовтың (91 кг) қанжығасында.

Қазақстандық былғары қолғап шеберлері Чехияда өткен халықаралық турнирде де Гран-При алды. Усти-над-Лабеден алғашқы финалдық жеңісін Қазақстан чемпионы, елордалық боксшы Ілияс Сүлейменов жеткізді. Ол қытайлық Май Кинксиксянды 16:10 есебімен еш қиындықсыз тізе бүктірген. Турнир барысында Ілияс асқан шеберлікпен рессейлік Овик Оганесяннан 13:11 есебімен, екі дүркін олимпиада жүлдегері ирландиялық Пэдди Барнстан, тәжірибелі серб боксшысы Милош Балтичтан басым түсті. Ілияс Сүлейменов Астана жоғары спорттық шеберлік мектебінің тәрбиеленушісі болып табылады. Ақылбек Нұрмағамбетовтің қол астында жаттығады

Лондондағы Олимпиаданың күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов (81 кг) пен Олимпиада-2012 қола жүлдегері Иван Дычко (+91 кг) да турнир чемпионы атанды. Екі турнирде де Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орынға шықты.