АСТАНА. ҚазАқпарат - Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасы София қаласында өтетін ірі халықаралық жарысқа қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ұлттық олимпиада комитеті хабарлағандай, 14 ақпан күні Болгария астанасында басталатын турнирде елімізден он боксшы рингке шығады. Олардың арасында 2016 жылғы Рио олимпиадасының күміс жүлдегері Василий Левит (91 кг), әлем чемпионы Қайрат Ералиев (56 кг), Қазақстан құрамасының капитаны Қамшыбек Қоңқабаев ( 91 кг) бар.
Сонымен қатар, Теміртас Жүсіпов (49 кг), Әнуар Мұзаппаров (52 кг), Зәкір Сафиуллин (60 кг), Санатәлі Төлтаев (64 кг), Абылайхан Жүсіпов (69 кг), Ерік Әлжанов (75 кг) және Бек Нұрмағанбет (81 кг) сынға түседі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық боксшылар Венгрияда өткен турнирге қатысқан болатын. Онда олар үш алтын, бір-бірден күміс және қола медальға ие болды. Атап айтқанда, Сәкен Бибосынов (52 кг), Серік Теміржанов (60 кг), Тұрсынбай Құлахмет (75 кг) чемпион атанса, Оразбек Асылқұлов (56 кг) күміс, Сабыржан Бекбергенов (64 кг) қола жүлдемен оралған еді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).