АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүкіләлемдік бокс ассоциациясы (WBA) барлық салмақтағы былғары қолғап шеберлерінің жаңартылған рейтинг нұсқасын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аса ауыр салмақтағы боксшы Иван Дычко 15-орыннан 10-орынға жоғарылады.
Айта кетсек, өткен айда Иван Дычко аргентиналық Ариэль Бракамонтемен жекпе-жегінде қарсыласын екінші раундта нокаутқа түсірді. Нәтижесінде WBA Fedecaribe аймақтық белбеуіне ие болды.
Аталған салмақта Жан Кособуцкий екі сатыға төмендеп, 14-орынға жайғасты.
Бірінші ауыр салмақ дивизионында Серик Мусәділов 15-орнын сақтап қалса, екінші орта салмақта Бек Нұрмағанбет сегізінші орыннан тоғызыншыға төмендеді.
Екінші жартылай жеңіл салмақта Сұлтан Зәуірбек оныншы орында тұрақтаса, Евгений Павлов бір сатыға жоғарылап, бесінші орынға табан тіреді.
Еске салсақ, бұдан бұрын Махмұт Сабырхан Астанадағы Elorda Cup турнирінің финалына шықты.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.