НҰР-CҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүкіләлемдік бокс кеңесінің (WBC) барлық салмақ бойынша жаңартылған рейтингі жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алғашқы ауыр салмақ бойынша Қамшыбек Қоңқабаев 29-орынға тұрақтады. Ол бұдан бұрын 37-орында тұрған болатын.
Естеріңізге сала кетелік, 28 ақпанда кәсіпқой бокстан өткен жекпе-жекте Қамшыбек қатарынан үшінші мәрте жеңіске жетті.
Екінші орта салмақ дивизионында Айдос Ербосынұлы бір сатыға жоғарылап, 11-орынға көтерілді. Ал орта салмақта бақ сынап жүрген Жәнібек Әлімханүлы 6, Мейірім Нұрсұлтанов 15-орынға жайғасты.
Бірінші орта салмақ дивизионында Садриддин Ахмедов бір сатыға төмендеп, 18-орынға табан тіреді. Тұрсынбай Құлахмет те бір сатыға төмен түсіп, 28-орынды місе тұтты.
Орта салмақтағы Данияр Елеусінов 23-орыннан 22-орынға көтерілсе, Батыр Жүкембаев бірінші орта салмақта сегізінші орнын сақтап қалды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.